
Елбасы Жолдауында айтылған мақсат-міндеттерді орындауға «Сарыарқаавтопром» серіктестігінің жұмысшылары да жұмыла кіріспек. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымовамен болған кездесуде айтылды. Жиынға қатысушылар Жолдаудың басым бағыттарын талқылады.
Басқосуда Айгүл Шайымова Жолдауда көрсетілген ел дамуының басым бағыттары мен міндеттеріне тоқталды. Ол биылғы саяси құжаттың ерекшелігін ескере отырып, Жолдауда әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына ену жолындағы нақты міндеттердің жүктелгендігін айтып өтті. Әсіресе, агроөнеркәсіпті кешенді дамыту, көлік логистика инфрақұрылымын жақсарту, жұмысшылардың тұрмыс деңгейін жақсарту негізге алынғанына, ең төменгі жалақы көлемінің ұлғаюы, бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жалақысының өсуіне тоқталып, осы жолдаудағы міндеттерді орындау ҚР-ның экономикалық, индустриялық және рухани дамуына үлкен септігін тигізетінін жеткізді.
Кәсіпорын ұжымы қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттырып, халықтың əлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған жолдауы туралы кеңінен əңгіме өрбітіп, өз пікірлерін ортаға салды.
Жиын соңында Айгүл Шайымова еліміздің әлемдегі бәсеге қабілетті елдің қатарына қосылу үшін барша Қазақстан халқы жұдырықтай жұмыла еңбек етулері қажет деген пікір білдірді. Бұл тұжырымды кәсіпорын ұжымы да қолдауда.