
Украинаның Одесса портынан 68 кеме сапарға аттануға әзір тұр. Бортына 1,2 миллион тонна жүк тиелген. Мұны елдің теңіз порттары жөніндегі әкімшілігі хабарлады. Су көліктерінің үштен екісінде бүкіл әлем күтіп отырған азық-түлік бар. 480 мың тоннасы – нан, сұйық май және жүгері. Өткен тәулікте Одессадан алғашқы кеме Ливанға жіберілді. Бүгін Ыстанбұлға жетуі керек. Киев пен Мәскеу Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Түркияның арағайындығымен астық экспортын жандандыру туралы келісімге қол қойды. Айта кетсек, қарулы қақтығыс салдарынан Украина қоймаларында 22 миллион тоннадай астық жиналып қалды. Оны халықаралық нарыққа жөнелтуге енді ғана мүмкіндік туып отыр.