
Ұзынкөл ауданында мемлекеттік бағдарламалар аясында қолға алынған жобалар сәтті жүзеге асырылып жатыр. Әсіресе, салауатты өмір салтын ұстанатын тұрғындар үшін бұнда барлық жағдай жасалған. Соның бірі жақында ашылған заманауи спорт сарайы мен аудандық жастар ресурстық орталығы жанынан пайдалануға берілген Коворкинг орталығы.
Жақында пайдалануға берілген коворкинг орталық жастардың өзін дамыту әрі уақытын тиімді пайдалануға таптырмас мүмкіндік. Мұнда күнделікті ауыл жастары сабақтан тыс уақытта ерікті түрде келіп, өздерінің шығармашылық және физикалық қабілеттерін шынықтырады.Сондай-ақ, бос уақытын тиімді өткіземін деушілер кітап оқып, интернет желісіне қосылған теледидар арқылы фильмдер көріп, тіпті шахмат та ойнай алады.
«Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ұзынкөл аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің тапсырысымен бой көтерген нысан екі жыл ішінде салынып бітті. «Астана Технадзор» ЖШС бас мердігер болған екі қабатты кешеннің жалпы құны 459 млн теңге, оның 413 млн-ы республикалық, 46 млн-ы облыстық бюджет есебінен. Ауданы 1179 шаршы метр, құрылыс аумағы 14,2 мыңнан астам текше метр. Спорттық нысан 165 адамдық сыйымдылығы бар.
Бұқаралық спортты дамыту Қазақстан Республикасының әлеуметтік дамуының басым бағыттарының бірі болып табылады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев барлық жастағы адамдар арасында бұқаралық дене шынықтыру мен спортты дамыту үшін жағдай жасау қажеттілігін бірнеше рет атап өтті. Осыған орай, Қостанай өңірінде заман талабына сай спорттық нысандар ашылуда. Бастысы- олар халыққа қолжетімді. Нәтижесінде бүгінде облыста 290 мың адам спортпен шұғылданады.