
Қостанайда ұлттық дәстүрлі садақ ату клубы ашылды. Республикалық садақ ату федерациясының негізінде құрылып жатқан филиал ел бойынша тоғызыншы облыс – Тобыл топырағына келіп жетті.
Ұлттық спорт мектебін Тобыл өңірінде ашып отырған – Науырзым ауданының тумасы Аяулым Аппазова. Бір жыл бұрын ғана Нұр-Сұлтан қаласында жаттығуды бастаған қаршадай қыз осы уақыт аралығында еліміз бен халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсете алды. Дәстүрлі садақ атудан ел чемпионы енді ұлттық спортымыздың өз өңірімізде де өркен жайса деген мақсатымен Қостанай облысының Өңірлік кәсіпкерлер палатасына жүгінген екен.
Өңірімізге арнайы келген республикалық дәстүрлі садақ ату федерациясының вице-президенті Диас Ахметов ұлттық мектептің Қостанай жерінде ашылуына демеушілік көрсеткен азаматтарға елордадан арнайы сый-сияпат ала келіпті. Аяулым Аппазоваға садақ атудан жаттықтырушы екенін айғақтайтын сертификаты табыс етті. Ал өзі және шәкірттері жебе тартудан шеберлік сабағын көрсетті.
Кейінгі жылдары қазақ халқының шінде садақ атуға қызығушылық арта түскен. Мамандар садақ ату мергендікке, төзімділікке үйретумен қатар, көз ауруларының алдын алуға да септігін тигізетінін айтады.Сол себепті де болар, соңғы кездері жастар осы спорт түріне ден қоя бастады. Қазіргі таңда, Қазақстанның 9 өңірінде садақ ату мектебі жұмыс істеп тұр.