
«Nur Otan» партиясының саяси кеңесінің отырысында Елбасы қазір елімізде жастардың өзін-өзі дамытуына, білімін жетілдіріп, сүйікті ісімен айналысуына мүмкіндік мол екенін атап өтті. Біз, жастар, мемлекет тарапынан өзімізге жасалып отырған қамқорлықты үнемі сезінеміз. Және Елбасымыздың барлық бастамаларын жүзеге асыруға атсалысуға дайынбыз. Қостанайлық жастар осындай пікірлерін білдіріп жатыр.
Ширек ғасырдың ішінде 14 мыңнан аса қазақстандық "Болашақ" стипендиясына ие болды. Олардың 12 мыңы қазір елге оралып, түрлі салада табысты жұмыс істеп жүр. Мемлекет әрбір жас үшін жылына 30-50 мың АҚШ долларына дейін қаржы төлеп тұрды. Бұл да - ғылым мен білімге деген қолдаудың нақты бір көрінісі. Бұдан бөлек 20 мыңнан аса жас өрен өз беттерімен әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындарында оқып келді. Солардың бірі Польшада білім алған Нарболат Бектібаев. Ол қазіргі уақытта ағылшын пәнінен сабақ береді. Мемлекет маған қолдау көрсетті, енді менің кезегім. Жинаған тәжірибем мен білімімді балалардың бойына сіңіруге тырысып жүрмін, дейді. Қазір әлем ғылыми-техникалық жетістіктердің екпінімен жедел өзгеріп жатыр. Бәсекелестіктің бәсі жүріп тұрған уақытта осындай жас буынның белсенділігі аса қажет деп есептейді. Ол үшін жастарға қуат беретін қамқорлық арта бермек.