
Белсенді, бастамашыл жастар мемлекеттік қызметке көптеп тартылатын болады. Болашағын ойлаған кез келген елдегі басым бағыттың бірі осындай. Бұл орайда біздің өңірде де нақты қадамдар жасалып жатыр. Мәселен, "Менің мамандығым – мемлекеттік қызметші" жобасы аясында сала өкілдері мектеп оқушыларымен кездесті.
Ерсұлтан Үсен- Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп интернатының 11-сынып оқушысы. Ол болашақта заң саласында еңбек еткісі келеді.Мамандық таңдау – ол жауапкершілігі мол әрі маңызды іс. Сол себепті,"Менің мамандығым – мемлекеттік қызметші" секілді жобалардың оқушыларға тигізер пайдасы көп екеін айтады Ерсұлтан.
Еркін форматта өткен жиында еліміздің мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің мамандары жастарға мемлекеттік қызметтің жаңа моделі туралы айтты. Сондай-ақ, әдептілік принциптері, мемлекеттік қызметке орналасу және онда жұмыс істеу туралы ақпарат берді.
Мемлекеттік қызметкерден тәртіп, еңбекқорлық, біліктілік талап етіледі. Алдына келген тұрғынды мұқият тыңдап, заң аясында көмек көрсету де оның басты міндеті. Басқосуда оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды.
Бүгінгі таңда, Қостанай облысында 6 мыңға жуық мемлекеттік қызметші еңбек етіп жүр.Ал олардың қатарына қосылу үшін таныс-тамырдың, пара берудің қажеті жоқ. Тек білім мен біліктілік, ынта мен жауапкершілік болса жеткілікті дейді мамандар.