
Қостанайда мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысы қайта жанданды. Автокөлік иелеріне мемлекеттік қызметтер көрсететін мамандандырылған ХҚКО дүйсенбі-жұма күндері сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін ашық. Мекеменің мамандары барлық қызмет түрлері қолжетімді екенін айтады.
Өңірде мамандандырылған ХҚКО-ының жұмысы жанданды. Осыған орай орталыққа келген аймақ азаматтарының қарасы қалың. Мамандардың айтуынша, жай күндердің өзінде мамандандырылған ХҚКО орталығына шамамен 200-300 адам келеді. Сондықтан, қазіргі таңда автокөлік сату, сатып алу процесінде біршама оңтайландыру жұмыстары жүргізілуде.
Орталық қызметкерлері адамдардың көп келуіне байланысты қалыптасқан ұзын-сонар кезекке түсіністікпен қарауларын сұрайды. Шамадан тыс кезек тудырмау үшін орталықта Kaspi және Halyk Homebank банк қосымшалары арқылы кей қызметтерді рәсімдеуге болатынын айтады мамандар. Бұл қосымшалар арқылы қызмет алу уақытты үнемдеп қана қоймай, сондай-ақ мамандандырылған ХҚО-дағы жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, орталықта жүргізуші куәлігін рәсімдеу, емтихан сыныбы, медициналық тексеру кабинеті, дайын құжаттарды беру залы, өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы мен күту залдары бар. Бүгінгі күні мұнда 17 терезеде 20 инспектор халыққа қызмет көрсетеді. Кез-келген азамат мұнда автокөліктерін тіркеп, тиісті мемлекеттік қызмет түрін ала алады.