
Қостанайда өрт қауіпсіздігі айлығы басталды. Төтенше жағдайлар департаменті бұл күндері жеке секторларды аралап, пештердің мұржаларын тазалап жатыр. Сол сияқты улы газды анықтайтын қондырғылар орнату жұмыстары да жалғасуда. Бұл, өрттің және ыстан уланудың алдын алуға септігін тигізеді. Былтыр облыста 6 адам өрттің салдарынан көз жұмған.
От жағудың да өз ережелері бар. Өйткені, қыс мезгілінде қаланың жер үйлері орналасқан аудандарда өрт оқиғалары жиілейді. Келеңсіздіктің бәрі қарапайым ережені сақтамаудан туындайды, дейді төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері. Жеке секторлардағы жер үйлерде жылу құралдары қаншалықты қауіпсіз? Және оны пайдалану барысында қандай сақтық шараларына мән беру керек? Бұл, адам өмірі үшін аса маңызды. 2-ші Қостанай ауданының тұрғыны Балтабай Әбішев улы газды анықтайтын қондырғы орнатқаннан бері жақсы болды, алаңдайтын себеп жоқ, деп қуанып отыр. Және өздеріне мемлекеттің осындай қамқорлық жасап жатқанына дән риза.
Шағын ғана осы құрылғы үлкен өкініштің алдын алады. Қауіп туындай қалса... міне, осылай дыбыс береді.
Мұржаларды да тазарту маңызды. Көбіне төтенше жағдайлар пештен туындайды. Көмір дұрыс жанбай, адамдар ыстан уланып жатады, дейді өрт сөндірушілер. Датчиктер орнатыла бастағаннан бері қайғылы оқиғалар төмендеген. Дегенмен, әттеген-айлар да жоқ емес. Жыл басынан бері облыста 6 адам тілсіз жаудың құрбаны болған. Барлығы 100-ге жуық өрт оқиғасы тіркелсе, оның жартысынан көбі жекеменшік үйлерде болған.