
Облыста COVID-19 індетіне шалдыққандар саны едәуір азайғанымен, көңіл көтеру нысандарын тексеруге бағытталған рейдтер жалғасуда. Қоғамдық тамақтану орындары үшін карантиндік шаралар жеңілдетілген болатын. Дегенмен, кейбір кәсіпкерлік нысан иелері эпидемиологиялық қауіпсіздік ережелерін дұрыс орындамайды. Келушілер саны мен әлеуметтік арақашықтық сақталмайды. Бұл олқылықтар кезекті мониторинг топ өкілдері жүргізген рейд барысында анықталды
Мониторингтік топ өкілдері Қостанайдағы ірі мейрамханалардың біріне бас сұқты. Ғимарат есігі жабық болғанымен сыртта жасырын тұрған келушілердің мекемеге тезірек кіруге асығыс екендері бірден рейд тобының назарына ілікті. Тексерушілер бәрін камераға түсіріп жатыр. Ал мына шатханада тыйым салынған уақытқа қарамастан, бір топ адам көңіл көтеріп, туған күн тойлап жатқан.
Арнайы рейд барысында осындай жайтқа жол берген азаматтарға мамандар ескерту жасап, хаттама толтырды. Карантиндік шаралардың сақталуын бақылау күшейтілмек.
Мамандардың мәліметінше, Қостанай өңірінде қауіпті індетке шалдығу көрсеткіші төмендеді. Осыған байланысты санитарлық шектеу шаралары да жеңілдетілгені белгілі. Әйткенмен, тұрғындар карантин шараларын барынша ұстануы тиіс. Бұл індеттің таралу қауіпін болдырмаудың бірден бір жолы.
Инара Барсақбаева