
Биыл елімізде 240 МВт қосымша электр қуаты іске қосылады. Бұл туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов электр желілерін күшейту жөніндегі президент тапсырмасын орындау барысына арналған баспасөз отырысында мәлімдеді. Бүгінде 340 МВт электр қуаты жаңадан іске қосылған. Жыл соңына дейін қосымша ұлттық электр желісін жаңғырту жұмыстары жүреді. Оның ішінде Батыс энергия аймағының электр желілерін күшейту бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары бар. Қазір оңтүстік энергия аймағының электр желілерін күшейту бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленген. Энергетика министрі бұдан былай транзиттік көліктер үшін дизель отыны сараланған бағамен берілетінін жеткізді. Бұған дейін үкімет отырысында Мемлекет басшысы еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде бірқатар нақты тапсырма берген болатын.