
Төтенше жағдайлар департаментінің ахуалдық орталығында Жедел штаб құрылды. Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес, бір тәулік ішінде Қостанай облысының автожолдарында 35 бірлік техника шығарылды, 169 адам құтқарылды және эвакуацияланды.
Қазгидромет мәліметі бойынша, алдағы тәулікте өңірде дауылды ескерту жарияланды. Қазіргі уақытта ауа райының нашарлауына байланысты (боран, қар, нашар көріну, көктайғақ) республикалық маңызы бар автожолдардың 46 учаскесі және 14 өңірде 51 облыстық маңызы бар учаске жабылды. Қостанай облысы бойынша бекеттерде 87 бірлік техника тәулік бойы жұмыс істейді. Жабық жол учаскелерінде халықты эвакуациялау үшін жылыту пункттері дайын. Кешеден бері оларда 62 адам орналастырылды. Халықты ескерту мақсатында ауа райының нашарлауы туралы 45 СМС-хабарламаны тарату жүзеге асырылды, «Дәрмен» мобильдік қосымшасы арқылы 38 хабарлама жіберілді. Уақытылы ақпараттық-психологиялық көмек көрсету үшін облыста «Жедел байланыс желісі» ашылды.