
АҚШ ақшасының бағамы өскен сайын сырттан тасымалданатын тауарлар да қымбаттайды. Бұл азық-түлікке де қатысты. Дегенмен, халыққа қажетті тауарлардың құны өспейді. Біз оны бақылауда ұстаймыз. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте «Тобыл әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның тұрақтандыру қорымен жұмыс жөніндегі департамент директоры осылай деп мәлімдеді.
Қостанай облысындағы тұрақтандыру қорында халықтың күнделікті тұтынатын, әлеуметтік маңызға ие 2 мың 750 тоннадан астам азық-түлік бар. Қоймалардағы ұн және макарон өнімдері жеткілікті мөлшерде. Сондай-ақ, 2 млн данадан астам жұмыртқа қоры сақталған.
Жалпы, Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар деп танылған 19 тауар түрлерінің 17-і өзімізде шығарылады. Сүт, ет, жұмыртқа, ұн мен көкөніс өнімдері Қостанай облысында өндіріледі. Тек қант және тауық еті ғана өзге өңірлерден әкелінеді.
Қазіргі таңда облыстың тұрақтандыру қорында жалпы сомасы 503 млн теңгеге тең азық-түлік қоры сақталуда. Тиісті жұмыстар атқарылған соң қор әлеуметтік маңызы бар тағамдармен толықтырыла түспек.