
Облыста медицина қызметкерлерін 2 компонентпен вакциналау басталды. Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлімдегендей, бүгінге дейін 1200 медицина қызметкері коронавирус инфекциясына қарсы екпе жасатқан. Олардың бәрі өздерін жақсы сезінетіндерін айтады. Яғни, вакцинаның еш кері әсері болмаған.
1 ақпаннан бастап медицина қызметкерлерін ерікті вакциналау науқаны басталғаны мәлім. 2021 жылдың 22 ақпанындағы жағдай бойынша облыста 1200 медицина қызметкеріне вакцина егілді. Оның ішінде жедел жәрдем станциясы қызметкерлері, алғашқы медициналық көмек ұйымдарының қызметкерлері, инфекциялық стационарлар және реанимация бөлімшелерінің медицина қызметкерлеріне екпе жасалды.
Вакцинация 21 күндік аралықпен екі мәрте жүргізіледі. Бұл жолғы екпе алдыңғы вакцинаның әсерін күшейтеді. Әрі ағзадағы қорғаныш қабілетін арттырады. Келесі аптада облысқа вакцинаның 4500 дозасы әкелінбек. Бұл, жеткілікті, дейді сала мамандары.
Жалпы Қазақстан бойынша "Спутник V" вакцинасын 19 мың адам қабылдағанын айтады ҚР Денсаулық сақтау министрлігіндегілер. Ведомство мәліметінше, елде вацинация жоспарлы кестеге сай жүргізіліп жатыр. Екпе ең әуелі медицина қызметкерлеріне, педагогтарға, күш құрылымдары қызметкерлеріне және студенттерге жүргізіледі. Қазіргі уақытта "Спутник V" вакцинасы өндірісі Қарағанды фармацевтикалық кешені базасына еншіленді. Ақпан айында бұл жерде 90 мың доза вакцина өндірілген, наурызда 150 мың доза шығару көзделіп отыр. Ал сәуір-маусым аралығында ай сайын 600 мың дозадан өндіру жоспарланған.