
«Таңбалауға жататын тауарлардың тізбесін айқындау туралы» ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес, елімізде темекі өнімдерін міндетті таңбалау туралы қаулы күшіне енгені белгілі. Құжатқа сәйкес елде өндірілген немесе шетелден әкелінген темекі өнімдері арнайы Data Matrix кодымен таңбалануға тиіс. Бұл код темекі өнімі туралы барлық ақпаратты қамтиды. 1-ші қазанға дейін талапты ескермегендерге айыппұл салынбақ. Толығырақ тілші материалында.
Темекілер. Сигариллалар. Электронды сұйықтықтар. Бұл - Data Matrix кодымен таңбалануы міндетті табак өнімдері. Өткен жылдың қазанынан бастап елімізде тек темекінің өзі таңбалануы тиіс еді, ал 1-ші сәуірден бастап темекі өнімдері мен оны алмастырғыштардың барлық түрлері үшін цифрлық таңбалау міндетті болып табылады. Талапты ескермегендер заң бойынша жауақа тартылып, 500 мың теңге мен 1,5 млн теңге аралығында айыппұл арқалауы мүмкін.Тіпті құзырлы орындардың өнімдерді толық тәркілеп алуына құқы бар дейді сала мамандары.
ГРАФИКА
Қазақстандықтар темекі сатып алуға қанша ақша жұмсайды?
Ресми деректерге сүйенсек, 2020 жылдың 11 айында әрбір қазақстандық темекіге орташа есеппен 34,8 мың теңге жұмсады
2020 жылдың желтоқсанында фильтрлі сигарет бағасы 1 жыл бұрынғыға қарағанда 14,9 пайызға қымбаттады.
Темекінің орташа бағасы – 508 теңге
2019 жылғы ішкі нарық – 75,2 пайыз
2020 жылғы ішкі нарық – 30,9 пайыз
Өндіріс көлемі 2,5 пайызға төмендеген
Ел тұрғындары 11 айда 17,6 млрд дана темекі шекті
Темекі өнімі айналымға шығарылған мерзімнен бастап 2D-СКАНЕР қолданылуы тиіс. Аталмыш сканер қажетті мәліметтерді оқуға және оларды фискалды деректер операторларына беруге мүмкіндік береді. Тауарларды таңбалауда DataMatrix бірегей коды пайдаланылады. Ол қайталанбайды және оны бұзу мүмкін емес. Темекі өнімдері легін таңбалаудағы мақсат - заңсыз тауар айналымын қысқарту дейді сала мамандары.
Әзірге, сауда нүктелерінде таңбаланбаған шылым қалдықтарын саудалауға рұқсат етілген. Тек қазанның 1-іне дейін. Енгізілген өзгеріс тұтынушылар үшін бұл тәртіп өнімнің қауіпсіздігіне кепілдік берсе, өндірушілер мен кәсіпкерлер үшін заңды бәсекелі ортаны қалыптастырады. Осылайша салықтан түскен қаражаттың есебінен бюджетке келетін кіріс көлемі де ұлғаймақ.
Гүлжан Жеңіс