
Тобыл өңірінде астық тұқымы өндірісімен айналысатын 30 шаруашылық бар. Олар биыл 80 мың тоннаға жуық сапалы тұқымды саудаға шығарған. Соның бүгінде басым бөлігі өткізілді. Қостанайлық селекционерлер шығарған бидайдың жаңа түрлеріне сұраныс жоғары. Тіпті ресейлік шаруалар да қызығушылық білдіріп отыр. Алайда отандық астық тұқымын экспортқа өткізудің өз қиындығы бар. Тілші репортажы.
Бұл тауарлы астықтың сапасын анықтайтын зертхана. Қолдағы тұқым қорының сынамалары міндетті түрде осында тексерістен өтеді. Тазалығы, ылғалдығылығына қарай, арнайы камерада әр дәннің қалай көктеп, түптенуіне байланысты үш сұрыпқа жіктеледі. Қостанай облысы бойынша осы күнге дейін көктемгі егіске қажетті 530 мың тонна тұқымның 92 проценті зертханалық сынақтан өткен.
Жоғары сапалы астық тұқымын өндіретін тәжірибелі станциялардың бірі Қарабалық ауданында орналасқан. Мұнда екі-үш жылдан бері сорт алмастыру бағытында кешенді шаралар атқарылып келеді. Биыл бұл шаруашылықта егістік алқабының 75 процентіне жаңа тұқым түрлері себілмек. Отандық бидай сорты өнімділігі, сапасы жағынан өзгелерден біршама жоғары. Және құрғақшылыққа, түрлі ауруларға төзімді -дейді мұндағы мамандар.
Ресейлік егіншілерде қазақстандық астық сортына қызығушылық танытып отыр. Іргедегі Челябі, Қорған, Омск шаруалары там-тұмдап алып тұрады екен. Үлкен көлемге шамалары жетпейді. Себебі көрші елде шеттен әкелінген тұқымға субсидия берілмейді. Сөйтіп олар өз өндірушілерін қорғап отыр.
Бұл бір жағынан еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты. Сондықтан да қостанайлық селекционерлер осы мәселеге жоғары жақтың назарын аударуға тырысып жүр. Олардың бір ғана өтініші бар. Елімізде барлық тұқым түрлерін мемлекеттік сынақтан өткізу керек. Сонда ғана шаруалар да шатаспай, қандай тұқым түрі тиімді екендігін біліп отырады–дейді мамандар.