ШҰҒЫЛ! ЦИФРЛЫҚ «ӘЛЕУМЕТТІК ӘМИЯН» ЕНГІЗІЛЕДІ Толығырақ

Қаламгерге құрмет: Төлен Әбдік - 75 жаста!

20:47, 24 қараша 2017

Биыл әйгілі жазушы, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Төлен Әбдік 75 жасқа толды. Осыған орай, облыс орталығында оқырман қауымның қуанышын еселеген ерекше кеш өтті. Жиын барысында әдебиет әлеміне саяхат жасалып, жазушының қаламынан туған құнды дүниелер дәріптелді. Мерейтой иесінің қуанышына аймақ атқамінерлері, достары және жергілікті зиялы қауым өкілдері ортақтасты.

Төл әдебиетіміздің төрінен ойып тұрып орын алатын қаламгер Тобыл топырағына, яғни, туған жеріне таң сәріде табан тіреді. Пойыздан түсісімен жазушыны жерлестері құшақ-құшақ гүлмен, ыстық ықыласпен қарсы алды. 75 жылдық мерейтойын өзі өсіп-өнген өлкеде  атап өту Төлен Әбдік үшін аса маңызды. Сол себепті, аймаққа арнайы ат басын бұрып келіп отыр. Жазушы жергілікті билік өкілдері ұйымдастырған ресми кездесулерден соң, әдеби кеш өтетін өнер ордасын бетке алды. Қазақ драма театрында қазақы нақышта әйгілі қаламгердің мерейтойы мен ғаламат шығармашылығына арналған әдемі әрі әсерлі басқосу көрініс тапты.       

Өңірімізден шыққан өр тұлғаның өмірбаянына зер салсақ, ауылда туып-өскен Төлен әуелі бала тілін табатын газетте қызмет жолын бастаған. Кейін жастар мен жасөспірімдерге арналған журналда талантын шыңдады, киностудиядан бастап баспасөзге дейінгі басшылық белестерден абыроймен өтті, қаламгерлік қабілетін мемлекеттік қызметпен шебер ұштастыра білді. Ағамыздың жазушылығы қостанайлық қаламгерлерді тамсантып, таңғалдырып келеді.

Жазушының көркемдік әлеміне зерделей үңілген әрбір жан талай жұмбақтың сырына қанығады. Өйткені, Төлен өте дегдар, әрі кірпияз жазушы. Көлем қумайды, санның соңынан жүгірмейді. Шалажансар, асығыс-үсігіс жазылған еңбегін оқырманға ешқашан ұсынбайды. Жауапкершілік құдіретін біледі. Сондықтан, әр туындысын жүрек домнасында иін қандыра балқытып, сүзгіден өткізеді. Ондай саф алтынның қашан да құны қымбат, өмірі ұзақ болмақ.

Төленнің туындылары қазақ халқына ғана емес, әлем әдебиетінде де кең танымал. Бірнеше тілде басылып шыққан шығармалары бүкіл адамзатқа ортақ мәселені дөп басып айтады. Бір ғана «Әке» атты повесі арқылы әр алуан проблемаларды қозғайды.

Осыдан біраз жылдар бұрын алғашқы туындылары жариялана бастаған қаламгердің атына айтылған жоғары құрмет күні бүгінге дейін өз биігінен еш аласарған емес. Керісінше, дүниеге келген әрбір шығармасы қазақ прозасында құбылыс саналған жазушының жұлдызын  одан бетер жарқырата түсті. Сондықтан оның жазған шығармалары санмен емес, сапамен өлшенеді. Ағамыздың бір туындысының салмағы өзгелердің қос қоржын кітаптарынан ауыр. Төленнің әр шығармасы бәзбіреулердің шығармалары секілді баспа жүзінде жарияланбайды,  дүниеге келеді. Ал, дүниеге келетін шығармалардың қашанда аз болатыны аян.

Тақырып бойынша материалдар

«ТҰЛПАР МІНІП, ТУ АЛҒАН» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ
11:14, 15 қараша 2021
«ТҰЛПАР МІНІП, ТУ АЛҒАН» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ
Толығырақ...
«ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЖЕТІ ҚЫРЫ»: ЭПОСТЫ ЖАТҚА АЙТУДАН САЙЫС ӨТТІ
10:57, 12 қараша 2021
«ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЖЕТІ ҚЫРЫ»: ЭПОСТЫ ЖАТҚА АЙТУДАН САЙЫС ӨТТІ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар

«ӘЙЕЛДЕР КҮШІ» АЛЬЯНСЫНЫҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
10:54, 22 қараша 2021
«ӘЙЕЛДЕР КҮШІ» АЛЬЯНСЫНЫҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Толығырақ...