
Өткен жылы өңірде интернет-алаяқтықтың 798 фактісі тергелді. Полицейлердің айтуынша, бұл қылмыстың ең көп таралған түрі – онлайн несие беру. Бұл жағдайда алаяқтар жалған жолмен азаматтардың дербес деректерін алады немесе онлайн-қарыздарды рәсімдеу үшін жоғалған құжаттарды пайдаланады. Өткен жылы мұндай 200-ден астам дерек тіркелген.
Интернет арқылы алдаудың тағы бір кең тараған тәсілі – адамдар алдын ала төлемді банктік шотқа немесе виртуалды QIWI әмиянға аударатын жалған тауарларды сатып алу және сату. Пандемия уақытында адамдар электронды әмияндарды, «интернет-банкингті» өте жиі қолдана бастады. Соны пайдаланып, алаяқтар арбаудың түрлі жаңа схемаларын ойлап табуда.
Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, адамдарды алдап, оңай олжаға кенелуді көздейтіндер саны азаймай отыр. Біреудің мал-мүлкін заңсыз иемденіп, алаяқтықпен ақша тауып жүргендердің жолын кесу мақсатында облыстық полиция департаментінің өкілдері тұрғындарды мейлінше сақ болуға шақырады.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, алаяқтар көбінесе «OLX», «Колеса» сайттарында жарнама береді. Олар адамдарға тауарды арзан бағаға және тегін жеткізіп береміз деген айла-тәсілдер қолданады. Брифингте айтылғандай, осы жылдың басынан бері өңір бойынша жүз алаяқтық қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 10 адам ұсталған. Барлығы 129 факт тіркелді.