Ұрпақтар сабақтастығы – ұлттық құндылық

Ұрпақтар сабақтастығы – ұлттық құндылық. «Ата» қоры тағы бір игі шараға мұрындық болды. Қостанайдағы «Жеңіс» саябағында соғыс ардагерлері мен мектеп оқушыларына арналған іс-шара ұйымдастырды. Майдангерлер шайқастан шежіре шертіп, балаларға патриоттық тағылым берер әңгіме өрбітті.

18:03, 20 сәуір 2017   183

Дмитрий Наприенко Ұлы Отан соғысының ардагері. 1944 жылы майданға аттанған ол, алдымен Шұбаркөлде, кейін қиыр шығыстағы болған шайқастарда ерлігімен көзге түскен. Қарт майдангер кездесу барысында оқушыларға тағылымды әңгімелерін айтып,тарихи естеліктерден сыр шертуде. «Жеңіс» саябағында орнатылған, сұрапыл жылдардағы соғыс техникалары жайында кеңінен мағлұмат беруде.     

Ұлы жеңіс - барлық қажыр-қайратын, күш-жігерлерін келер ұрпаққа баянды болашақ сыйлау жолына арнаған ерлеріміздің ерліктерінің, қаһармандықтарының символы. Қос буын арасындағы кездесулерді «Ата»  қоры жиі ұйымдастырып келеді. Ондағы негізгі мақсат – жастарға патриоттық тұрғыда тәрбие беру.

Ұлы тұлғалардың ерлігін ұлықтау, есімдерін ұмытпау ұрпақ үшін ұлы міндет екені ұғынықты. Сондықтан, соғыс ардагерлерін ардақтау тек 9-шы мамырда ғана емес, әрдайым көрініс табатын әдетімізге айналуы тиіс. Өмірінің өлшеулі бір бөлігі, жауқазын жастық шағының сүбелі үлесін оқ пен от астында өткізіп, тағдырдың жауызымен елге аман – сау оралып, туған жерімен қауышқан майдангер аталармен кездесіп, бүгінгідей  естеліктерін тыңдау – біз үшін бір ғанибет,- дейді кейінгі толқын өкілдері.

Жас жеткіншектер бүгінгі бейбіт өмір сыйлаған соғыс ардагерлерінің ерлігін кезекті мәрте көкейге қондырды. Отан үшін от кешкен соғыс ардагерлерін ортаға алған оқушылардың бұл өмірде басты бір-ақ арманы бар. Олар енді  еш жерде соғыстың болмауын тілейді. Бейбітшілік шаңырағының астында шаттық пен бақ-құтты шаққа кешегі сарбаз, бүгінгі ардагерлердің қосқан үлесі үнемі жадымызда болғай.

«Қазақстан-Қостанай» телеарнасының ресми сайты

110003, Қостанай қаласы, Әл-Фараби даңғылы, 126 үй Байланыс телефондары: 8 (7142) 54-66-60