ШҰҒЫЛ! ТӘРТІП САҚШЫСЫН БАЛТАМЕН ҰРҒАН Толығырақ

ҰЛТТЫҚ КЕҢЕСТІҢ АЛҒАШҚЫ ОТЫРЫСЫ

20:30, 6 қыркүйек 2019

«Қазақстан Президенттік басқару формасындағы мемлекет ретінде қалуы керектігіне сенімдімін. Алайда Парламент саяси жүйедегі лайықты орнын алуы қажет». Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысына қатысқан президент осындай пікірін жеткізді. Мемлекет басшысының ұсынысымен құрылған ұйымның бұл жиынын бірі күдіктеніп, бірі үміттеніп күткені рас. Сонымен, қоғам мен билік арасында диалог орнатып, түйткілдерді шешудің жолын табуды көздеген кеңес діттегініне жете алып жатыр ма?

Түрлі көзқарас – біртұтас ұлт. Инаугарация кезінде айтқан ұстанымын президент Ұлттық кеңестің алғашқы отырысында да қайталады. Қасым-Жомарт Тоқаев бірден сөзден іске көшу керектігіне тоқталды.

Ашықтық. Отырыс барысында президенттің де, кеңес мүшелерінің де басты ұстанымы осы болды. Дөңгелек үстел басына жиналған әртүрлі әлеуметтік топтардың өкілдері – түрлі саланың мамандары. Азаматтық ұстанымдары мен көзқарастары да әртүрлі. Дегенмен, оларды біріктіретін бір нәрсе бар: ол – ұлт мүддесі.

«Үміт пен күдік» демекші, соңғы кездері дүйім жұртты дүдәмал күйге түсірген жер мәселесі де сөз болды. Мемлекет басшысы инвестиция тарту дамушы елдердің тәжірибесінен алынғанын, қаржы тек қажетті салаларға құйылатынын қадап айтты.

Президенттен соң сөз кезегі кеңес мүшелеріне берілді. Алғашқы отырыс болғанымен, олар үйдей мәселені ортаға үйіп тастап, үйлесімді әрі ширақ жеткізіп отырды. Бұған дейін кездесіп, кеңесіп алған белсенділер маңызды жиында тек қана басты ұсыныстары мен ұстанымдарын жеткізді. Айта кетейік, кеңес мүшелері үш топқа бөлініп жұмыс істейді. Әлеуметтік, саяси, экономикалық бағыттарды таңдаған әр жұмыс тобының тоқ етерін екі адам жеткізіп отырды.

Сондықтан әлеуметтік мәселелермен айналысатын топ білім сапасы мен еңбекпен қамтуға баса мән беріп отыр. Елімізде жоғары білімді тек диплом үшін алу бұқаралық сипатқа ие. Сондықтан диплом иелерінің жартысына жуығы мамандығы бойынша жұмыс істемейді. «Еңбек кедейлігі» деген түсінік те белең алып барады. Дәрігер мен көлік жүргізушісінің айлықтары теңесіп қалды. Бұл маңызды мамандықтардың құнын түсіріп, сұраныстың болмауына алып келді.

Экономика үшін жауапты топ бизнесті тежеп тұрған кедергілерді атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттің экономикадағы үлесін азайтуға баса мән берді. Ал саясаттың жілігін шағатындар 5 заңға өзгеріс енгізіп, реформа жасауды ұсынып отыр. Олардың ішінде митингілер, саяси партиялар, БАҚ туралы заңдар мен Сайлау туралы кодексі бар. Президент саяси реформа жасайтын уақыт келгенін мойындап отыр. Дегенмен, шетін мәселені «жеті рет пішіп», кешенді түрде шешу керек екенін жеткізді. Мұны кеңес мүшелері де қолдап отыр.

Жиында адам құқығына қатысты түйткілдер де сөз болды. Заңгер Айман Омарова беделі тапталған журналистер мен зорланған балалардың оқиғаларын айтып, президенттен сот жүйесін назардан тыс қалдырмауды өтінді. Режиссер Ермек Тұрсынов ірі мәдени шаралардың бас қала мен Алматыда ғана өтіп, шағын шаһарлар мен шалғайдағы ауылдар рухани азықсыз қалатынына қынжылды. Жалпы, Ұлттық кеңестің әр мүшесі өз саласының проблемаларын айтып қалуға тырысты. Қоғамда қордаланып қалған мәселелерге құлақ асып, қорытқан президент ұсыныстардың барлығы бір құжатқа жиналатынын жеткізді.

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар

ЗИЯНКЕСТЕРДІ ЖОЮДЫҢ ЖОЛДАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ
20:08, 20 ақпан 2020
ЗИЯНКЕСТЕРДІ ЖОЮДЫҢ ЖОЛДАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ
Толығырақ...