
Астанамыздың 20 жылдығын тойлау шеңберінде облыс бойынша атқарылған іс-шаралар ауқымы кең. Осыған орай, Тобыл өңірінде жаңадан нысандар салынып, бірқатар мәдени-концерттік бағдарламалар өтеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте айтылды.
Елордамыздың 20 жылдығын тойлау біздің облыста өткен жылдың желтоқсанында басталған. Сол кезеңнен бері түрлі сипаттағы 1300 іс-шара ұйымдастырылды. Астана мерейтойына арнап инвестициялық жобалар, тұрғын үйлер, инфрақұрылымдық, әлеуметтік-мәдени нысандардың құрылысын іске асыру жоспарланған.
Келесі аптада өңірде Астананың мәдениет күндері өтеді. Аталған іс-шараның шымылдығы көркемсурет галереясындағы көрмемен түріледі. Қостанайлықтар астаналық өнерпаздардың концерттік бағдарламаларын тегін тамашалай алады.
6 шілде Астана күнін қостанайлықтар биыл «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» саябағында тойлайды. Онда этно-ауылдар салынып, қолөнершілер көрмесі ұсынылады. Ашық аспан астында кинотеатр бой көтереді. Новосибирск қаласының цирк әртістері тұрғындарға сый жасап, өнерлерін тегін түрде ортаға салады. Қазақстандық эстрада жұлдыздары Ерке Есмахан мен «Дос-Мұқасан» тобы келеді деп жоспарланған.
Айта кету керек, бүгінде қостанайлықтар Астана мерейтойына арнап веложолақтың құрылысын жүргізуде. Оған қазынадан 582 млн теңге жұмсалды.
Данияр Сұлтанұлы