«Көктем 2017» оқу-жаттығуы басталды

Қостанайда «Көктем 2017» республикалық оқу-жаттығуы басталды. Мақсат – көктемгі су тасқынынан келетін зардаптың алдын алып, сақтық шараларын пысықтау. Төтенше жағдай туындай қалса жедел әрекет ету үшін барлық құрылымдардың бірлескен іс-қимылын үйлестіру.

17:06, 10 наурыз 2017   121

Биыл Қостанай өңіріне қар қалың түсті. Тіпті кейбір ауылдарда ол баспаналарды шатырымен бірдей болып басып қалған. Сондықтан төтенше жағдайлар қызметі бұған дейін үйлерді аралап, тұрғындарға ауланы қардан тазалауды ескертті. Қауіпсіздік ережелері жазылған үнпарақтар таратты. Бүгінгі іс-шара кезінде осындай су басу қаупі бар жерлерді анықтап, алдын-алу шараларын жүргізу мәселесі талқыланды. 

Қостанайдағы жиында азаматтық қорғаныс саласындағы 8 қызмет түрінің өкілдері бас қосты. Олар мұнда жергілікті атқарушы билікпен бірлесіп әрекет ету жолдарын талқылады. Басты мақсат апатты болдырмау. Ал бола қалған жағдайда бірінші кезекте тұрғындар қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі тиіс. Ол үшін апатты аймаққа азық-түлік, өзге де тұрмысқа қажетті заттарды жедел жеткізу қажет. 

«Көктем 2017» командалық – штабтық оқу – жаттығуы ертең де жалғасады. Онда төтенше жағдайларда әрекет ететін жасақтар су тасқыны кезіндегі құтқару жұмыстарын тәжірибе жүзінде пысықтайтын болады. 

«Қазақстан-Қостанай» телеарнасының ресми сайты

110003, Қостанай қаласы, Әл-Фараби даңғылы, 126 үй Байланыс телефондары: 8 (7142) 54-11-44