
Қостанай облысында эпидахуал нашарлай түсті. Өңір «қызыл аймаққа» енді. Сондықтан карантиндік шаралар тағы бір аптаға ұзартылды. Бұл туралы жедел штабтың отырысында облыс әкімі мәлім етті. Архимед Мұхамбетов аудан басшыларына коронавируспен күрес бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Облыста коронавирус инфекциясына шалдыққан адамдар саны өсіп барады. Өкінішке қарай, өңірде санитарлық-эпидемиологиялық жағдай жақсарған жоқ. Күн сайын жұқтыру жағдайларының өсімі байқалады, сонымен қатар заңды тұлғалар тарапынан да, жеке тұлғалар тарапынан да талапты сақтамайтындардың саны артып келеді.
Тек соңғы тәулікте 53 заңбұзушылық анықталып, санэпидбақылау органдары бұрын келіп түскен материалдарды ескере отырып, айыппұлдарға 78 қаулы жасаған. Ұзынкөл, Бейімбет Майлин аудандарында, Арқалық қаласында талапты бұзушылықтардың анықталуы бұрынғысынша төмен деңгейде қалып отыр.
Облыс басшысы барлық аудан әкімдеріне мұқият болып, жаңа жағдайлар анықталған тұста бірден байланыста болған азаматтарды анықтап, оқшаулау жұмыстарын қадағалауды тапсырды.
Сондай-ақ, облыс әкімі эпидемиялық жағдай нашарласа, карантиндік шараларды одан әрі қатаңдату шешімі қабылданатынын атап өтті.
Гауһар Асанбек