Ахмет Байтұрсынұлы туралы 30 факт

Ахмет Байтұрсынұлы туралы айтылған пікір де, жазылған еңбек те көп. Солардың ішінен тарихымызға және қоғамымызға маңызды деген ұлы ағартушы туралы 30 фактіні ұсынамыз.

13:30, 10 наурыз 2017   127

1. Ахмет өмірге келгенде атын азан шақырып қойған атасы Шошақ.
2. Әкесінің інісі Ерғазы Ахметті Торғайдағы 2 сыныптық орыс-қазақ мектебіне береді. Оны 1891 жылы бітіріп, Орынбордағы 4 жылдық мектепке оқуға түседі.
3. 10 жылдай Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралыдағы орыс-қазақ мектептерінде оқытушы, ал Қарқаралы қалалық училищесінде меңгеруші қызметін атқарады.
4. А.Байтұрсынұлының саяси қызмет жолына түсуі 1905 жылдан басталады.
5. 14500 адам қол қойған Қарқаралы арызы авторларының бірі А. Байтұрсынұлы болды. Қақаралы петициясында жергілікті басқару, сот, халыққа білім беру істеріне қазақ елінің мүддесіне сәйкес өзгерістер енгізу, ар-ождан бостандығы, дін ұстану еркіндігі, цензурасыз газет шығару және баспахана ашуға рұқсат беру, күні өткен Дала ережесін қазақ елінің мүддесіне сай заңмен ауыстыру мәселелерін көтерді. Онда қазақ даласына орыс шаруаларын қоныс аударуды тоқтату талап етілді.
6. Сол үшін А.Байтұрсынұлы 1909 жылы тұтқындалып, Семей түрмесіне жабылады.
7. 1910 жылы А.Байтұрсынұлы Орынборға жер аударылады. Ол осы қалада өзінің ең жақын сенімді достары Ә. Бөкейхан, М. Дулатұлымен бірігіп тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығарады. Газет қазақ халқын өнер, білімді игеруге шақырды. А.Байтұрсынұлының Орынбордағы өмірі мен қызметі Ресей үкіметінің қатаң жандармдық бақылауында болды. Ол «Қазақ» газетіне жабылған негізсіз жала салдарынан тағы да абақтыға отырып шығады. Ол «Қазақ газеті» арқылы Қазақ съездері мен Қазақ комитеттеріне саяси теориялық бағыт-бағдар беріп отырды.
8. А.Байтұрсынұлы Алаш партиясы бағдарламасын даярлаған топтың құрамында болды. Ол Алаш Орда құрамындағы Оқу-ағарту комиссиясының төрағасы болып бекітілді.
9. 1919 жылы шілдеде РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесі мен Қазақ әскери-революциялық комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды.
10. 1920 жылы В. И. Ленинге үкіметтің Қазақстанды басқару ісін қатал сынға алған хатын жолдады. Қазақстанның Ресеймен шекарасының қалыптасу ісіне белсенді түрде араласты.
11. Бүкілресейлік ОАК-нің 1919 жылы 27 тамызда Қостанай уезін Челябі облысына қосу туралы шешіміне қарсы Байтұрсыновтың жазған саяси наразылығы Қостанай уезін Қазақстан құрамына қайтаруға негіз болды.
12. 1920–1921 жылдары Қазақ АКСР-і халық ағарту комиссары қызметінде болды.
13. Орынбор, Ташкенттегі Қазақ халық ағарту институттарында қазақ тілі мен әдебиеті, мәдениет тарихы пәндерінен сабақ берді.
14. Алматыдағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтында ректордың шақыруымен профессор қызметін атқарады.
15. Ахмет Байтұрсынұлы 1926 жылы Бакуде өткен «Бірінші Түркологиялық Құрылтайдың» төралқа мүшесі болады.
16. 1929 жылы Алматыда 43 Алаш қозғалысы қайраткерлерімен бірге ол тұтқынға алынып, Мәскеу абақтысына жөнелтілді.
17. 1930 жылы 4 сәуірде А.Байтұрсынұлы ату жазасына кесілді. Шешім жер аударылсын деген үкіммен өзгертіледі. 1934 жылы М. Горькийдің жұбайы Е. Пешкованың көмегімен Байтұрсынұлы отбасымен мерзімінен бұрын босатылып, Алматыға оралады.
18. Алматыда тұрақты жұмысы болмайды.
19. 1937 жылы 8 желтоқсанда атылды.
20. А.Байтұрсынұлының алғашқы кітабы – «Қырық мысал» 1909 жылы жарық көрді. Ол бұл еңбегінде Ресей отаршыларының зорлық-зомбылығын, елдің тұралаған халін жұмбақтап, тұспалдап жеткізді.
21. 1911 жылы ақынның ой-толғамдары, кестеленген өлеңдері «Маса» деген атпен жеке кітап болып жарық көрді. «Масаның» негізгі идеясы – жұртшылықты оқуға, өнер-білімге шақыру, мәдениетті уағыздау, еңбек етуге үндеу.
22. А.Байтұрсынұлы А. Пушкин, М. Лермонтов, Ф. Вольтер, С. Надсон өлеңдерін қазақ тіліне аударды.
23. Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақыны» деген көлемді мақаласында Абай өлеңдерінің даралығын, «сөзі аз, мағынасы көп, тереңдігін», сыншылдығын ұғындырды.
24. Оның «Әдебиет танытқыш» деген зерттеуі (1926) қазақ тіліндегі тұңғыш іргелі ғылыми-теориялық еңбек болды. Бұл еңбегінде өлеңге жан-жақты зерттеу жасап, шумақ, тармақ, бунақ, буын, ұйқас т.б. ұғымдарға анықтама берді.
25. А.Байтұрсынұлы Әліпбиі қазақ тілінің табиғатына бейімделген араб жазуы негізінде жасалды. Бұл әліпби ұлттық жазудың қалыптасуындағы ірі мәдени жетістік болып табылады.
26. А.Байтұрсынұлының «Оқу құралы» (1912) – қазақша жазылған тұңғыш әліппелердің бірі. А.Байтұрсынұлы қазақ мектептерінің мұқтаждығын өтеу мақсатында қазақ тілін пән ретінде үйрететін тұңғыш оқулықтар жазды. Оның үш бөлімнен тұратын «Тіл – құрал» атты оқулығының фонетикаға арналған бөлімі 1915 жылы, морфологияға арналған бөлімі 1914 жылы синтаксис бөлімі 1916 жылдан бастап жарық көрді.
27. Сондай-ақ А.Байтұрсынұлы мұғалімдерге арналған «Баяншы» деген әдістемелік кітаптар жазды.
28. 1988 жылдан кейін Қазақстандағы көптеген көше, мектептерге А.Байтұрсынұлы есімі берілді.
29. Тіл білімі институты, Қостанай мемлекеттік университеті А.Байтұрсынұлының есімімен аталды.
30. 1998 жылы оның туғанына 125 жыл толған мерейтойы салтанатпен атап өтіліп, А.Байтұрсынұлының мұражай-үйі мен ескерткіші ашылды.
Деректер kazakh-tv.kz және tobyl-torgai.kz сайттарының көмегімен жасалды.

«Қазақстан-Қостанай» телеарнасының ресми сайты

110003, Қостанай қаласы, Әл-Фараби даңғылы, 126 үй Байланыс телефондары: 8 (7142) 54-11-44