
Қостанай қалалық көпсалалы ауруханасында жүрек талмасына ұшыраған немесе қан тамырлары қысылып қалған науқастарды ажалдан аман алып қалудың мүмкіндігі туды. Емдеу мекемесіне ангиограф қондырғысы орнатылды. Енді мұндай жоғары технологияның көмегімен күрделі оталар жасалып, медициналық зерттеулер жүргізіледі.
Бұл қалалық көпсалалы аурухананың жан сақтау бөліміндегі жаңа бөлім. Мұнда инсульт диагнозы бар науқастар үшін арнайы 6 адамға шақталған нейрореанимация және қарқынды терапия бөлімшесі ашылды. Ол әлемнің жетекші өндіруші фирмаларының нейромониторинг жүйелерімен, неврологиялық статусты бағалайтын және ағзаның барлық өмірлік маңызды функцияларын мониторлық - компьютермен қадағалап отыратын құрал-жабдықпен жабдықталған.
Бұл теңдесі жоқ ангиограф қондырғысы.Осы аппарат арқылы науқастың ми тамырларын тексеруге және емдеуге болады. Яғни жергілікті мамандарға қажеттілігі жоғары. Өйткені, жедел медицналық көмекке жүгінген науқастардың 90 пайызы қалалық аурухананың қабылдау бөліміне жеткізіледі. Бұған дейін жүрек ауру немесе ми қан айналымы бұзылған сырқатты толық тексерістен өту үшін ауыр хәлде облыстық ауруханаға жіберілетін.
Мамандар қазіргі таңда ел бойынша инсульт дерті жасарып барады деп дабыл қағуда. Бұрын бұл аурумен 60-тан асқан адамдар ғана ауыратын. Қазір 30-ға жетпейтін жастарда кезедеседі екен. Ең қиыны инсульттан кейін адам мүгедектік жағдайға жетіп, оның сауығып кетуі де оңай болмайды. Алайда, медицианада бір орында тұрған жоқ. Қауіпті аурумен күресуде заманауи жабдықтар мен әдістер қолданылуда.
Бауыржан Қасымқан