
Қостанай облысының білім беру мекемелерінде ата-аналар келісімі бойынша оқушылар үшін қосымша сабақтар өткізілуі мүмкін. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте облыстық білім басқармасының басшысы - Зәуре Бәйменова баяндады.
Басқарма басшысы айтқандай, 3-ші тоқсандағы оқыту процесінде бірқатар өзгеріс бар. Яғни, 9- және 11- сынып оқушыларының аралас оқыту форматына көшуі қорытынды аттестаттау және ұлттық бірыңғай тестілеу дайындығына негізделген. Қазір бұл сыныптар ата-аналар келісімінсіз аралас форматта оқуға кірісті.
Қашықтан оқытуды 114 мектеп жүзеге асырады. Мұнда 38,5 мыңға жуық оқушы білім алады. 3-ші тоқсанда мектеп жанындағы интернаттардың жұмысы қайта жалғасады. Осы тоқсанда ата-аналар және педагогтардың келісімімен саны 5 балаға дейінгі топтарда қосымша сабақтар өткізілуі мүмкін. Бұдан бөлек сабақтан тыс уақытта жеке консультация шаралары ұйымдастырылады.
Облыстағы колледждер үшін де оқыту форматы өзгерді. 2-ші семестрде 1-ші курс студенттері штаттық режимде оқуға көшті. Өйткені, олар үшін оқытушылар корпусымен тікелей жұмыс істеу маңызды. Мектепке дейінгі балалар ұйымдары да жұмысын кезекші топтар үлгісінде жалғастыруда. Қаулыға сәйкес, ондағы балалардың саны 15-тен аспайды.