
Науырзым ауданы Қарамеңді ауылында Қазақ ССР оқу министрлігінің құрмет грамотасының иегері, Жамбыл орта мектебінде үздіксіз еңбек еткен ардагер ұстаз, сол оқу ордасының негізін қалаушы жəне алғашқы мектеп директоры, ауданның құрметті азаматы Сүтемгенов Тойкен Көпейшеұлын еске алуға арналған жиын өткізілді.
Тойкен Көпейшеұлы 1968 жылы Қарағанды педагогикалық институтын бітіріп, Науырзым ауданы орталығындағы орыс-қазақ аралас мектебіне мұғалім болып орналасты. Физика-математика пәнінен білікті мұғалім және істі үйіріп әкететін ұйымдастырушылық қабілетімен мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болды. Кейін ол 30 жыл бойы мектеп директорының қызметін атқарды. Інілік ізеті де зор еді дейді ағасы.
Ол мектепті басқарған жылдары білім ошағын үздік бітіріп, «Алтын медаль», «Алтын белгі» алған түлектер аз болған жоқ. Елбасы айтатын бәсекеге қабілеттілік деген ұғымды Тойкен ұстаз балаларды білімге ынтықтырудың тамаша құралы деп есептейтін.
Ұстаздық етуден еш жалықпаған ұлағатты ұлықтау мақсатында мектеп қабырғасында ұлы тұлғаның құрметіне арнайы бұрыш ашылды.
Тойкен аға – көпшіл кісі. Ол педагогикалық ұжымда «біріміз – бәріміз, бәріміз біріміз үшін» деген ұстанымды қалыптастырған еді. Бір сыныптың көрсеткіші нашарласа барлығымыз соны уайымдап, көмекке жүгіретінбіз. Мектепте бір мұғалім ауырып қалса немесе бір қиындыққа душар болса барлығымыз соның қасынан табылатынбыз. «Түсінісіп жұмыс істемей, табыс болмайды. «Жалғыз ағаш орман емес, жалғыз адам қорған емес» деген, педагогикада жалғыз шауып бәйге алу міндет емес, айналаң дұрыс болмаса, сенің жеткен жетістігің ешнәрсені өзгерте алмайды» деп отырушы еді. Тойкен ағай кезінде ұжым сондай тату болды деп еске алады әріптестері.
Жамбыл мектебінде жарысқа құрылған қызықты шараларды көптеп ұйымдастыру - Тойкен Көпейшеұлы қалыптастырған дәстүрдің бірі. Жарыста ұстаздың да, оқушының да ізденісінен тамаша істер туатынын білікті директор ілкімділікпен байқаған. Ол әкелік парызын да тиісті деңгейде атқарды дейді балалары.
Тойкен Сүтемгеновта марапат көп. Соның ішінде 1990- жылы алған «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісін, 2001- жылы алған Елбасының «Алғыс хатын» ерекше атап өтуге болады . Ол ұжымда «мұғалім үшін өз шәкірті қадірлейтін ұстаз дәрежесіне көтерілуден артық марапат жоқ» деп отыратын.
Тау тұлғаны еске алу кешінде Тойкен Көпейшеұлының замандастары, әріптестері мен шәкірттері де бір ауыздан қазіргі Жамбыл орта мектебінің атауын өзгертіп, аталмыш білім ордасына ел ертеңі үшін ерен еңбегі сіңген ердің есімін беруді ұсынды. Ол алдағы уақытта ономастиикалық заңнаманың талап-шарттарына сай қаралатын болады.
Айдын Шәйкенов