ШҰҒЫЛ! ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ Толығырақ

ЖОҒАРЫ ЕЭК ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

20:30, 1 қазан 2019

Қазақстан президенті Ереванда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты. Жиын басталмас бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше маңызды кездесу өткізді. Қазақ басшысы Сингапурдың үкімет басшысы Ли Сян Лунмен, Иран президенті Хасан Руханимен және Армения премьер-министрі Никол Пашинянмен жүздесіп үлгерді. Сингапур премьер-министрі Ли Сян Лун Қасым-Жомарт Тоқаевты өз еліне сапармен келуге шақырды. Өзі де қазақ жеріне баруды жоспарлап жүргенін жасырмады. Жалпы, барлық екіжақты кездесулерде тараптар ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласты. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы да табысты аяқталды. Сингапур елі Еуразиялық экономикалық одақпен еркін сауда аймағын құру туралы шешімін қағаз жүзінде бекітті.

Қазақстан, Ресей, Беларусь. Осы үш мемлекеттің бастамасымен бес жыл бұрын құрылған Еуразиялық экономикалық одаққа Қырғызстан мен Армения 2015 жылы қосылды. Биыл Армения төрағалық етіп, бір жылдық жұмыстың қорытындысын шығару үшін мәртебелі меймандарды Ереванда бар құрметпен қарсы алды. Шағын құрамдағы отырыста әңгіме одаққа мүше елдердің бюджеттері арасында кеден салықтарының сомасын үйлестіру және Еуразиялық экономикалық форум төңірегінде өрбіді.

Еревандағы отырысқа Молдова тарапы бақылау үшін келсе, Сингапурдың маңызды миссиясы бар. Бұл мемлекет одақпен әріптестік орнатуға мүдделі. Сондықтан отырыста Ли Сян Лунның есімі жиі аталды. Қонақ болып келген Иран президенті Хасан Руханиге де құрмет ерекше болды. Өйткені санаулы күндерден соң, нақтырақ айтсақ, қазанның жиырма жетісінде одақтың Иранмен еркін сауда аймағын құру туралы келісімі күшіне енеді.

Отырыста сөйлеген қазақ басшысы да сөзін алғыстан бастады. Армения еліне жылы қабылдағаны үшін рақмет айтса, Еуразиялық экономикалық комиссиясы алқасының төрағасы Тигран Саркисянның еңбегіне оң бағасын берді. Бұдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы келісімдерді сақтай отырып, одақ жұмысына жаңа леп беру керек екенін жеткізді. Өйткені одаққа мүше мемлекеттердің үшінші елдермен тауар айналымы осы жылдың алты айында екі пайызға төмендеп кеткен. Ал Одаққа мүше елдер арасындағы өзара сауда-саттық бес пайызға азайған. Қазақстан президенті бұған әлемдегі қаржылық, саяси ахуалдан бөлек, одақтағы кедергілер де кері әсер еткенін қадап айтты.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақ сотының мәртебесін көтеру керек екенін мәлімдеді. Ал Одақ нарығының аясын кеңейту үшін мүмкіндіктерді молынша пайдалану керек, деді.

Ал одаққа мүше мемлекеттер мен Сингапур Республикасы арасындағы еркін сауда аймағын құру туралы келісім бұл мүмкіндіктерді одан әрі кеңейтетіні сөзсіз. Келіссөздер жемісті аяқталып, Сингапур одақпен серіктес болу ниетін қағаз жүзінде бекітті. Енді Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін мемлекеттер үшін алты жүз миллион халқы бар нарыққа жол ашылады.

Тақырып бойынша материалдар

КӨЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫНЫҢ ТИІМДІЛІГІ АРТЫП КЕЛЕДІ
20:41, 12 желтоқсан 2019
КӨЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫНЫҢ ТИІМДІЛІГІ АРТЫП КЕЛЕДІ
Толығырақ...
КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУДЫҢ ТЫҢ ТЕТІКТЕРІ АЙҚЫНДАЛУЫ ТИІС
20:39, 11 желтоқсан 2019
КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУДЫҢ ТЫҢ ТЕТІКТЕРІ АЙҚЫНДАЛУЫ ТИІС
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар

А.ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ 175 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН КЕШ
20:50, 11 желтоқсан 2019
А.ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ 175 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН КЕШ
Толығырақ...
БАСКЕТБОЛДАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИР ӨТТІ
20:53, 9 желтоқсан 2019
БАСКЕТБОЛДАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИР ӨТТІ
Толығырақ...