
Елімізде табиғаттың мол ресурстарын игеруге оң қадамдар жасалып, жасыл экономикаға бетбұрыс мемлекеттен қолдау тауып отыр. Мәселен, жуырда Қостанай ауданында салынып жатқан «Ыбырай» жел электр станциясының құрылысы аяқталмақ. Бүгінгі таңда мұнда 7 мачта орнатылды, сондай-ақ әкімшілік-тұрмыстық кешеннің құрылысы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жел электр станциясына арнайы барған облыс әкімі жоспарланған барлық жұмысты уақытылы және сапалы аяқтауды тапсырды.
Заречное және Октябрь ауылдары маңында орналасқан жел электр станциясының құрылысы 2019-ші жылдың қыркүйек айында басталды. Протектинг Бизнес энд Инвестмент жобасы шеңберінде құйылған инвестицияның көлемі 18 млрд 400 млн теңгені құрайды. 20 гектар жерге әрқайсысының қуаты 3.2 Мвт болатын 16 жел мачтасын салу көзделген.Бүгінгі таңда оның жетеуі толық орнатылды.
Нысанның құрылыс жұмыстарына 170 адам тартылды. Жобаның ең маңызды бөлігіне Екібастұз қаласының мергілерлері жауапты. Ал жел электр станциясын орнату үшін атыраулық компания шақырылды. Ол үшін осы жерге 600 тоннаға дейін жүк көтере алатын арнайы 2 кран алынды. Себебі қондырғылардың салмағы өте ауыр.
Бұл ауқымды жоба мемлекеттің жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағдарламасы арқылы іске асырылуда. Жел электр станциясын толық пайдалануға бергенде ауаға парникті газдардың бөлінуі жылына бірнеше мың тоннаға азаяды. Станцияның өзі мыңдаған отбасының электр қуатына деген қажетін өтеп, оны өндіруге жұмсалатын шығынды бірнеше еселеп азайтуға мүмкіндік береді.
Бауыржан Қасымқан