ШҰҒЫЛ! НАҚТЫ СҰРАҚТАРҒА НЕГІЗДЕЛГЕН ЖЕДЕЛ ЖЕЛІЛЕР Толығырақ

ТМД МЕМЛЕКЕТТЕР БАСШЫЛАРЫ КЕҢЕСІНІҢ ОТЫРЫСЫ

20:30, 11 қазан 2019

ТМД елдерінің аумағында «Достастық визасы» енгізілуі мүмкін. Ашхабадта өткен ТМД мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында қазақ басшысы осындай бастама көтерді. Қасым-Жомарт Тоқаев «Достастық елдеріне» шетелдік туристерді көбірек тарту үшін ортақ виза режимі қажет екенін мәлімдеді. Сондай-ақ Қазақстан президентінің бастамалары цифрлық технологияларды ұтымды пайдаланып, электрондық сауда-саттықты дамытуға бағытталды.

Ашхабад «махаббат қаласы» деп аударылады. Шамасы, ақ мәрмәрға деген махаббатты білдірсе керек. Түрікмен астанасында бес жүзден астам ғимарат осы таспен қапталған. Осы ақ мәрмәрға деген ерекше сүйіспеншіліктің арқасында Ашхабад «Гиннес рекордтары кітабына» талай енген. Аппақ қаланың көшелері тап-тұйнақтай таза, жолдары жылтырап тұр. Ашхабадтың әсемдігін қазақ басшысы да Түрікменстан президентімен кездесу кезінде атап өтті.

Отырыс алдындағы екіжақты кездесуде қос елдің достық қарым¬-қатынасын нығайтып қана қоймай, экономикалық байланыстың көкжиегін кеңейту туралы да сөз болды. Қазақтар түрікмендерге жаңа ортақ жобаларды жүзеге асыру ұсынысымен келіп отыр. Түрікменстан да Қазақстанмен, ТМД¬-ға мүше өзге елдермен де байланысты бекемдеуге мүдделі екенін білдірді.

Ашхабадтағы саммитте ТМД-ға мүше елдер арасындағы экономикалық байланысты нығайтуға басымдық беріледі. Қазір мемлекет басшысы өзінің әріптестерімен бірге сол мәселелерді талқылауға, шағын құрамдағы отырысқа бара жатыр.

Шағын құрамдағы отырыста ТМД аясындағы әріптестіктің бүгінгі ахуалы мен ертеңі әңгіме өзегі болды. Қазақ басшысы ТМД-ның басты бағыты сауда-экономикалық әріптестікті дамыту боп қала беретінін жеткізді. 2011 жылы ТМД-да еркін сауда аймағы құрылған соң өзара алыс-беріс жақсарды. Ендігі мақсат: көрсеткіштерді еселеп, жаңа белестерге шығу. Қасым¬-Жомарт Тоқаев басымдық берілуі тиіс бағыттарды атап өтті.

Қазақ басшысы электрондық коммерцияның маңыздылығына да мән берді. Өткен жылы дүние жүзі бойынша электрондық сауда 1,8 триллион долларға жеткен екен. Сарапшылар бес жылдан соң бұл көрсеткіш тағы бір триллион долларға өсетінін болжап отыр. Ал «достастық елдері» бұл салада әзірге бәсекелесе алмайды. Жалпыәлемдік көлемнің бір ғана пайызы ТМД елдеріне тиесілі. Сондықтан мемлекет басшысы ТМД аясында электрондық сауданы қыздыра түсетін нормативтік құжат әзірлеу керектігін мәлімдеді. Тағы бір тың бастама туризм саласына арналды. Әр ел өзінің көрікті жерлерімен мақтана алады. Алайда визалық режимдері әркелкі. ТМД елдері шетелдік туристер үшін тартымды болуы үшін «Достастық визасын» енгізуді ұсынды.

Келер жылы ТМД-ға мүше елдер ерекше датаны атап өтеді. Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіске 75 жыл. Былтыр Душанбеде бұл мерейлі мерекені тойлау туралы шешілсе, Ашхабадта ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының Ұлы жеңіске арналған үндеуі қабылданды. Сондай-ақ саммитте тариф саясатының тиімділігін арттыру, ұлттық деңгейдегі фискальді-әкімшілік кедергілерді жою, ірі транспорттық-логистикалық орталықтар құру, терроризммен күрес сынды маңызды мәселелер қозғалды. Гуманитарлық бағытқа да баса мән берілді.

Бір жыл бойғы төрағалығын Түрікменстан табысты қорытындылады. Түрікмен тарапы әзірлеген «ТМД ға мүше мемлекеттердің стратегиялық экономикалық әріптестігі туралы декларация» қолдау тауып, елдер осы құжат негізінде әріптестікті кеңейте түсуге келісті.

Бұл декларация әр елдің ұлттық экономикасын дамытып, ТМД елдерінің өзара сауда-инвестициялық байланысын, әрі өзге де мемлекеттермен, бірлестіктермен серіктестігін нығайтуға бағытталған. Сондай-ақ саммитте шартты түрде сотталған немесе абақтыдан мерзімінен бұрын босаған адамдарды елдеріне қайтару мәселесі де қаралды. Осы бағыттағы жұмысты оңтайландыру үшін Ашхабадта арнайы конвенция қабылданды. Жалпы, ТМД мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында сегіз құжатқа қол қойылды.

Тақырып бойынша материалдар

МӘЖІЛІС РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТТІҢ ИГЕРІЛУІН ТАЛҚЫЛАДЫ
20:30, 10 маусым 2020
МӘЖІЛІС РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТТІҢ ИГЕРІЛУІН ТАЛҚЫЛАДЫ
Толығырақ...
ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫНЫҢ САПАСЫ ЖІТІ БАҚЫЛАУДА
20:30, 1 маусым 2020
ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫНЫҢ САПАСЫ ЖІТІ БАҚЫЛАУДА
Толығырақ...
АҚБӨКЕН ТӨЛДЕЙТІН АУМАҚТАР БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ
20:21, 1 маусым 2020
АҚБӨКЕН ТӨЛДЕЙТІН АУМАҚТАР БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар