
Бизнесті дамытуға бағытталған бағдарламалар облыста тиімді орындалып келеді. Былтыр «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша 270 - ке тарта кәсіпкерге 54 млрд теңге қаржылай көмек берілді. Ал «Бизнестің жол картасы» аясында былтыр өңірде 5 мыңдай жұмыс орны пайда болды. Жаңадан ашылған өндіріс нысандары импорттың үлесін төмендетіп отыр. Тиімді қаржыландыру тетіктері шеңберінде мыңдаған жоба мақұлданды.
Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қолдау артып, бизнесті дамыту үшін ауқымды бағдарламалар әзірленді. Былтыр «Бизнестің жол картасына» 5 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаржы толық игерілді. 532 жоба мақұлданып, 5 мыңдай жұмыс орны ашылды. 1,6 трлн теңгенің өнімі шығарылды. Жалпы, жобаларды субсидиялау бойынша Тобыл өңірі республикада 4- ші орынға табан тіреді. Ал несиеге кепілдік беру жөнінен 7- ші орынға жайғасты. Пандемия кезінде іскер азаматтар үшін дағдарысқа қарсы шаралар қабылданды.
Жергілікті банктер «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша былтыр 235 жобаны мақұлдады. Оған 37 млрд теңге көлемінде несие берілді. Мамандардың айтуынша , тағы 40 жоба қаралуда. Ал агроөнеркәсіп кешені саласында 38 млрд. теңгеге қолдау көрсетілді. 4700 жұмыс орны құрылды. Еңбек мемлекеттік бағдарламасы 1200 тарта іскер кісінің кәсіп ашуына ықпал етті. Қаржылық ұйымдар ұсынған микро кредит пен гранттар аясында 3175 жаңа жұмыс орны ашылды. Карантинге қарамастан өңірде өндіріс саласының қарқыны бәсеңдеген жоқ.
Аймақта бизнеске қолайлы жағдай жасалған. Азық- түлік, ауыл шаруашылығы техникаларын жаау, құрылыс материалдар өндірісі жақсы дамып келеді. Мәселен, соңғы екі жыл ішінде көлік құрастыру екі есе, металлургия өндірісі 5 пайызға өсті.
Кәсіпкерліктің дамуы – экономиканы өрлетудің басты құралы. Өңірде шағын және орта бизнестің 51 мыңға жуық субъектісі тіркелген. Онда 155 мың адам еңбекке араласқан. Өндірілген өнім көлемі де кемімеген. 2019 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 11 пайызға өсті.
Инара Барсақбаева