
Ақпараттық технологиялар тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына жаппай енгізілуде. Оның нәтижесі де жоқ емес. Мәселен, интеллектуалды жүйелердің арқасында құбырларда апатты жағдайлар азайып, коммуналдық шығындар қысқарған. Бүгінде абоненттер үшін қызмет түрлері онлайн режимде қолжетімді.
«Қостанай-Су» коммуналдық мекемесі тұтынушыларға сандық жүйеде қызмет көрсетіп жүр. Цифрландыру элементтері абоненттік және әкімшілік қызмет, қауіпсіздік пен өндіріс бағыттарында іске асырылды. Осы мақсатта 630 млн теңге жұмсалған.
Коммуналдық мекеме тұтынушылар үшін бірқатар ыңғайлы қызмет түрлерін енгізді. Абоненттік қызмет сандық жүйеге көшкен. Есеп жүргізу құрылғылары автоматтандырылды. Баспаналарға қашықтықтан ортақ су есептегіштері орнатылды. Жаңа жүйе өз кезегінде тұтынушыларды барынша үнемді болуға ықпал етеді.
Коммуналдық кәсіпорында электр энергиясын есептеудің автоматтандырылған жүйе сі енгізілді. Соның арқасында шығындар қысқарған. 1 айда жарық үшін 10 млн теңге қаржы үнемделген.
Алдағы уақытта да цифрландыруға негізделген жаңа жобалар қолға алынбақ. Шығындарды қысқартып, тариф бағасының қымбаттауына жол бермеу. Абоненттерге сапалы қызмет көрсету. Ілкімді технологияларды коммуналдық қызмет түрлеріне енгізудегі басты мақсат.
Инара Барсақбаева