
ҚР Тұңғыш Президенті күні мерекесі қарсаңында Сарыкөл ауданына қарасты Златоуст елді мекені тұрғындарының қуанышы еселене түсті. Ауылға ауыз су жетті. Көп жылдар бойы көптің көкейінде жүрген маңызды мәселенің оң шешім табуы мемлекеттік мейраммен қатар келіп, жергілікті тұрғындар үшін теңдессіз тарту болды. Сапалы тіршілік көзімен қамтамасыз етілген ауылдағы ағайынның қуанышына тілшіміз ортақтасып қайтты.
Бұған дейін бұл ауылдағы бұқара тіршілік көзін тасымалдап тұтынып келді. Енді ол машақат артта қалды. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында ауыз су мәселесі біржола шешіліп отыр. Мереке қарсаңында аудан әкімі жергілікті жұртты ауыл өміріндегі маңызды оқиғамен құттықтап, өңірлерді дамытуға үкімет тарапынан мейлінше көп көңіл бөлініп жатқанын жеткізді.
Жаңартылған су құбырын тарту жұмысына 2 жыл уақыт, 650 млн теңге көлемінде қаржы жұмсалған. Соның нәтижесінде 900-ге жуық тұрғын сапалы ауыз суға қол жеткізіп отыр. «Өңірлдерді дамыту – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша ауылдарда жүзеге асырылып жатқан игі іс-шараларға жергілікті жұрт шексіз ризашылықтарын білдірді.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, ауылдағы 290 баспанаға сапалы ауыз су кіріп үлгерген. Әр тұрғын ауласына келіп тұрған тіршілік көзін үйіне тартып алу үшін 30 мың теңгеден артық ақша жұмсамайтын көрінеді. Осындай қолжетімді бағамен көп ұзамай барлық баспанаға су жетеді дегенді жеткізді ауыл әкімі.
Айдын Шәйкенов