ШҰҒЫЛ! НАҚТЫ СҰРАҚТАРҒА НЕГІЗДЕЛГЕН ЖЕДЕЛ ЖЕЛІЛЕР Толығырақ

ӘБІШ КЕКІЛБАЙҰЛЫ АТЫНДАҒЫ МҰРАЖАЙ АШЫЛДЫ

20:32, 10 қазан 2019

Әбіш Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайы қолданысқа берілді. Сонымен қатар, тарихи тұлғаның ескерткіші ашылды. Мемлекетіміздің даму жолында аянбай еңбек еткен қайраткерді құрметтеу рәсіміне Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы барып қатысты.

Қазақтың абызы атанған, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының ескерткіші салтанатты түрде ашылды. Биіктігі үш жарым метр. Мүсіншілер өздеріне жүктелген міндетті шебер орындаған. Мұражайдың алдында мен мұндалап тұр. Осынау тарихи сәтке Маңғыстаулықтармен бірге мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та куә болды.  Халықтың алдында сөз сөйлеп, Әбіш Кекілбайұлының елге сіңірген еңбегі ұшан-теңіз екенін айтты, қашан да азаматтық қалпын үлгі тұтып, ұрпаққа қалдырған мұрасын ұлықтауымыз керек деді.

Ескерткіштің ашылуынан кейін, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әбіш Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи өлкетану мұражайын аралап көрді.  Мемлекет басшысы осы өңірге сәуір айында жасаған сапарында облыс басшылығына осы нысанның құрылысын жеделдетуді тапсырған еді. Аз уақыттың ішінде заман талабына сай бой көтерген ғимарат сапалы салынған. Жалпы жер көлемі 7,7 гектар. Ғимараттың жалпы көлемі 46 мың шаршы метрден асады. Қолданылған материалдардың 80 пайызы отандық. Сәулетшілер жобалау барысында ұлттық нақышқа басымдық берген.

Мұражайдың тарихи өлкетану атануының да өзіндік мәні бар. Әбіш Кекілбайұлы өз өмірінде, қызмет жолында туған жерінің, жалпы қазақ даласының тарихи-мәдени ескерткіштерін мән беріп, зерттеуге үлкен үлес қосқан. Ұлы даланың тарихи айшықтарын көздің қарашығындай сақтауға қызмет етіп, оны насихаттауға күш салған. Маңғыстаудың өлкетанулық мектебінің негізін қалаушылардың бірі, тарихи табиғи ескерткіштеріне көңіл бөліп өзінің шығармашылығында көрсетіп отырғаны мәлім.

Әбіш Кекілбайұлының өткен өмірі, азаматтық болмысы, әлемді мойындатқан шығармалары, еңбек жолы, қилы тағдыры зиялы қауым тарапынан жіті зерттелуде.  Мысалы, биыл Әбіштің соғысқа аттанып қаза тапқан әкесі Кекілбайдың  жатқан жері анықталыпты. «Анасы Айсәуленің де Әбішке берген тәлім-тәрбиесі, еңбек адамы ретіндегі бейнетқорлығы бүгінгі ұрпақ үшін үлкен үлгі»,- деді мамандар.

Әбіш Кекілбайұлы орталығының құрылысы кешенді. Мұражай, кітапхана, көрме залы салынса, ендігі кезекте осы тарихи өлкетану мұражайының жанынан театр салынбақ. Оның орны анықталған, инфрақұрылымы дайын, сәулет нұсқасы бекітілген. Айта кетейік, биыл Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдығы аталып өтіледі. Қазіргі уақытта республика бойынша ауқымды іс-шаралар атқарылуда. Мәселен, осы Маңғыстауда «Әбіш әлемі» атты халықаралық театр фестивалі өтуде. Туған жері Шетпедегі Оңды ауылына да айрықша назар аударылуда.

Тақырып бойынша материалдар

21 МАМЫР - МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ КҮНІ
20:46, 21 мамыр 2020
21 МАМЫР - МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ КҮНІ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар