
Жеңілдің асты, ауырдың үстімен жүріп, адамды алдап, оңай олжаға кенелуді көздейтіндер саны азаймай отыр. Біреудің мал-мүлкін заңсыз иемденіп, алаяқтықпен ақша тауып жүргендердің жолын кесу мақсатында облыстық полиция департаментінің өкілдері тұрғындарды мейлінше сақ болуға шақырады.
Тобыл өңірінде белең ала бастаған интернеттегі алаяқтық фактілеріне байланысты, полиция қызметкерлері тұрғындарды сақтыққа шақырып, ғаламтор арқылы сауда жасаған кезде мейлінше мұқият болуды ескертеді. Өйткені, өңір көлемінде алаяқтық қылмыстың құрбаны болғандар азаймай отыр.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, алаяқтар көбінесе «OLX», «Колеса» сайттарына жарнама береді. Олар жәбірленушілерді негізінен арзан баға және тегін жеткізіп береміз деген айла-тәсілдерімен алдайды.
Полиция департаментінің өкілдері облыс тұрғындарын интернеттегі алаяқтардың арбауына түспеуге шақырады. Ол үшін QIWI-әмиянға ақша аудармас бұрын, сатушының өзі жайлы берген мәліметтерінің дұрыс екеніне әбден көз жеткізіңіздер деген кеңес береді.