ШҰҒЫЛ! ЖАҢА ҚАУЛЫ: ҚОСТАНАЙ МЕН РУДНЫЙҒА КІРІП-ШЫҒУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНДЫ Толығырақ

Телеарна туралы

Қостанай облыстық телеарнасы («Қазақстан» РТРК АҚ ҚОФ) 1991 жылы 1 ақпанда тұңғыш рет эфирге шығып, жұмысын бастады. Оған дейін 1989 жылы Қазақ ССР Телевизия және радиохабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитетінің Қостанай облыстық телевизиясын ашу туралы арнайы шешімі қабылданып, дайындық жұмыстары жүргізілген болатын.

Қостанай телевизиясының тұңғыш іргетасын қалағандар телерадиокомпания төрағалары Б.Нұрмұхамедов, Н.Ислямиев, Қ.Орманов, бас инженер В.Асташов, бас редактор Ә.Мадиндер болды. Тұнғыш төл телехабарды   эфирге шығаруға  журналистер Ж.Аязбеков, А.Гаврилов, Қ.Мұқатов, инженерлер А.Лукашкин, Ю.Смирнов, дикторлар Алла Ломова көп еңбек сіңірді. Әр жылдары Б.Нұрмұхамедов, Н.Ислямиев, Қ.Орманов, Г.Кригер, T.Штинова, М.Қазин, Ә.Татанов, Е.Мұхамеджанов басшылық етті. 2018 жылдан бастап директоры Е.Ипбергенов.

1996 жылы телеарна Қостанай қ-сы, Әл-Фараби к-сі 126 мекен-жайындағы бұрынғы химиктердің мәдениет үйінің ғимаратына көшірілді.

1997 жылы тұңғыш рет облыстық телевизия 31 мамыр күні республикалық телемарафонға қатысты. 2004 жылы 30 наурызда «Қазақстан» РТРК АҚ тапсырысы бойынша хабар шығаратын бөлік және жүйелі монтаж аппараты ТVC компаниясының көмегімен қайта жарақтандырылды. Соның нәтижесінде, бейнемонтаж жабдығы үш камералы түсіру павильонына айналды (АСБ). Сондай-ақ, жаңа технологиядағы бейнекамералар мен бейнемагнитофондар алынды. Жаңа жүйелі және жүйесіз монтаждау жабдықтары іске қосылды. Компаниядағы қолда бар сандық техникаларды пайдалана отырып, телевизияның барлық монтаждау жұмысы 2005 жылы 5 сәуірде сандық (DVCAM, miniDV) түріне көшірілді.

2007 жылы 1 наурызда жер серігі арқылы тұңғыш рет «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы бойынша телехабарларын таратты.

2010 жылдың 13 желтоқсанынан бастап «Қазақстан-Қостанай» телеарнасы «Intelsat-904» спутнигі арқылы (ОтауТВ) толық көлемде, 14 сағаттық телебағдарламалары ел аумағы және жақын шетелдерге таратылады.

2010–2017 ж.ж аралығында эфир уақыты 17 сағатқа дейін ұлғайтылды. Облыстың шалғай аудандарында меншікті тілшілер қосындары ұйымдастырылды. ОТРК ғимаратының бірінші және екінші қабаттарында облыс баспасөзінің мұражайы құрылды. Эфир кестесі, экрандық көрінісі, хабарлардың саны мен сапасы түгелдей өзгертіліп, республикалық арналардың эфирлік жүйесіне сәйкестірілді. Циклды бағдарламалар өндіріске енгізілді. Бірінші және екінші студиялардың жабдықтары алынып, эфирлік безендіру ісінде біршама өзгерістер енгізілді. Сурдоаудармашылардың «Жаңалықтар» және ресми хабарларға қатысуы дәстүрге енді.

2017 жылы ребрендинг жүргізіліп, «Қазақстан-Қостанай» телеарнасының атауы «Qostanai» өзгерді.

Телеарна бүгінде 14 сағат эфир таратады. Оның 60 пайызы мемлекеттік тілде, 40 пайызы орыс тілінде.  Жаңалықтардан бөлек түрлі жанрдағы 30-дан астам хабар шығады.